Салмақ тастағыңыз келсе, алдымен психологиялық дайындық қажет

Салмақ тастағыңыз келсе, алдымен психологиялық дайындық қажет

Дүниеге бала әкелу әр ана мен отбасы үшін үлкен қуаныш. 9 ай бойы құрсағында көтеріп қана қоймай, өмір бойы баласы үшін алаңдап өтетін аналарымыз тұрмысқа шығып, балалы болған соң салмақ қосып, дене сымбатын жоғалтып алады. Кейбір аналар бұны балам және отбасым үшін өзімді құрбан еттім деп ойлауы мүмкін, алайда балаңыз жасқа толып, ес кіре бастағанда өзіңізді қолға алып сәнденіп, құлпыра түсіңіз! (Кей қыз-келіншектеріміздің толықтығы генмен байланысты екенін ұмытпаңыздар! )

Тұрмысқа шығып, көп балалы болған аналардың әбіржіген түріне қарап қазіргі қыздарымыз тұрмысқа шыққымыз келмейді дейді. Себебі, кей аналарымыз өз-өзін ұмытып, тек отбасының жағдайын ғана ойлап кетеді. Өзіңізге де бір мезгіл уақыт тауып, сәндену әйел адам үшін артықтық ете қоймас. Сән салондарын жағалап ақша құртып аламын-ау деп алаңдамаңыз, қазіргі заманда аз қаражатыңызбен көп іс тындыруға болады. Тек оның ретін келтіріп алсаңыз болғаны. Артық салмақтан құтылып, өзіңізді ретке келтірген соң өмірге деген құштарлығыңыз бен балаларыңызға деген махаббат арта түсетінін сезесіз және сізге көп балалы қайратты, қайсар ана деп айналаңыз қызыға қарай бастайды.

Өз-өзіңізге деген сеніміңіз мол, отбасы мен жұмысыңызда қиыншылық болмай дұрыс өмір сүру әр әйелдің арманы емес пе?

Салмақ тастаймын деп нақты шешімге келсеңіз, бірден нәтиже бере қоятын оңай әдіс іздемеңіз! Себебі, оңай жолмен келген дене бітіміңіз ертең артық бір қадам жасағаннан-ақ қайта бұзылуы мүмкін. Сондықтан, асықпай аз-аздан әрекет етіп, өз жасыңызға, салмағыңызға қарап жаттығу жасап, диетаға отырыңыз! Диетаға отыру күні бойы ашығу емес, кей тамақтан өзіңізді шектеп, аз-аздан жиірек дәрумендерге бай тағамды күнделікті ас мәзіріңізге енгізсеңіз болғаны. Кей әйелдер күні бойы тыным таппай жұмыс істесе де салмақ тастамауы мүмкін, себебі өзіне қажетті шамадан тыс калорийды тамақтан алып қояды.

Ғаламторда салмақ тастаудың түрлі әдістері толып жүр, бірақ сіз оның кез-келгенін жасамас бұрын өзіңізге қайсысы қажет екенін анықтап алыңыз.

Негізі әйел адам салмақ тастау үшін нақты шешімге келсе, жолындағы кедергілерге қарамай әрекет етіп, жеңіске жетеді. Сондықтан әйел адам кейде ішкі жан дүниесіне құлақ түріп тұрғаны артық болмас.

Көптеген қыз-келіншектеріміз салмақ тастаудағы басты мақсаты дене бітіміміз 90*60*90 болса дейді. Алайда әркім өз дене бітіміне, жасына сай салмақ тастауы қажет және өте қатты арықтау қазір сәннен шыққан.

Ең бастысы өзіңізді жеңіл сезініп, салауатты өмір салтын ұстану екенін естен шығармаңыз. Қазір көп балалы болса да сымбатын жоғалтпаған аналарымыз жетерлік. Олар да салмақ тастау үшін көп тер төккенін және бұл іс сіздің де қолыңыздан келетінін ұмытпаңыз!

jetinform.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *